ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Отбасы институтының адам өміріндегі рөлі бұрыннан зерттеу тақырыбы болған. Отбасындағы тәрбие баланы туғаннан бастап тұлға болып қалыптастыруда зор рөл атқарады.Отбасында баланың жеке тұлғасы қалыптасады.
Қоғам, әлеуметтік институттар отбасы тәрбиесіне ықпал етеді. Отбасында баланың алдында алғаш рет таңғажайып әлемнің есігі ашылады. Отбасындағы тәрбие баланың әлеуметтік ортаны жағымды эмоциялармен немесе таңырқаумен, қатыгездікпен қабылдауына әсер етеді. Тәрбиенің негізі отбасында қаланады. Балаға толыққанды тәрбие беру оның жеке тұлға болып қалыптасуының, дамуы мен үйлесімді өсуінің алғышарты болып табылады.
Қазіргі уақытта ата-аналардың білім беру бағдарламалары, баланың жас және психологиялық ерекшелігі, баланың қажеттілігі туралы нақты түсініктері жоқ және ата-аналар тәрбиелеу әдістерін сараптай алмайтындықтан отбасының тәрбиелік әлеуетін тиімді қолдана алмайды. Бұның салдары тәрбиелеу нәтижесінің төмендеуіне әкеледі. Ата-аналардың бала тәрбиесіне мән бермеуі баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, әлеуметтік бейімделуіне кері әсер етіп, жүйкелік ауытқулардың пайда болуына жол береді. Ата-аналардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы біліктілігінің аздығы бала тәрбиесіне әсер етеді.
Бүгінгі күннің ата-аналары қаншалықты білімді болсада педагогика, психология, физиология және өзге білім салаларынан толық хабардар емес. Кез-келген білімі бар ата-аналарды бала тәрбиесі туралы мәселелер ойландырады. Сондықтан отбасы білім беру қызметі саласында көмекті қажет етеді.
Баланы тек ата-анасы ғана емес, айналасындағы адамдарда тәрбиелеу қажет. Балаларды әлеуметтік ортадан бөліп алып тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан да балалардың белсенді әрекетіне арналған орындар болуы тиіс. Белсенді әрекетке арналған орындардың болуы баланың жан-жақты дамуына әсер етеді.
Ата-аналарға (заңды өкілдеріне) әртүрлі ақпарат көздері ұсынатын психологиялық - педагогикалық басылымдар, баспасөз, ғаламтор материалдары, теле-радио бағдарламалары, ғылыми-көпшілікке арналған әдебиеттер, көрнекіліктер жеткілікті. Бірақ бұл ақпарат көздерінде отбасының, баланың ерекшелігін ескеріп, ата-ананың (заңды өкілдердің) нақты сұрағына тікелей жауап беру мүмкіндігі жоқ.
Бұл мәселеде мектепке дейінгі ұйымның мамандары құзыретті. Олар ата- анамен тікелей қарым-қатынас жасап, «кері байланыс» орната алады, баланың дамуын бақылайды.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім берудің келесідей нысандары: мектепке дейінгі ұйым жанындағы балалардың қысқа мерзімді болу топтары, баланы үйде тәрбиелеп отырған отбасыларға медициналық-психологиялық- педагогикалық көмек беру орталықтары және т.б табысты дамуда. Пайда болған жаңа нысандар баланың дамуына белсенді ықпал етіп, отбасыларға мектепке дейінгі білім беру саласындағы мамандардың білікті көмегін алуға көмек беруге арналған. Сонымен қатар жаңа нысандар балалары балабақшаға баратын отбасыларға да, балалары балабақшаға бармайтын отбасыларға да бағытталған.
Осындай жаңа нысандардың бірі мектепке дейінгі ұйымның жанында консультациялық пункттер ұйымдастыру болып табылады. Консультациялық пункттер ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып балалары мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған ата- аналар үшін, отбасын және тәрбиеленушіні әлеуметтік-педагогикалық қолдау мақсатында құрылады. Консультациялық пункттер балабақшалар үшін жаңалық емес. Консультациялық пункттер балабақша мен отбасы арасындағы өзара әрекеттің дәстүрлі түрлерінің бірі тәрбиешілердің ата- аналарға (заңды өкілдерге) жеке және топтық консультация беру қызметін іске асырады. Мектепке дейінгі ұйымның жұмыс тәжірибесінде тәрбиешілер ата-аналардың сұранысы негізінде немесе балалардың даму ерекшеліктерін ескере отырып консультация бере алады. Сонымен қатар балабақшаның басқа мамандары (әдіскер, психолог, логопед, дефектолог және т.б.) ата- аналарға (заңды өкілдерге) қандай да бір мәселе бойынша кеңес береді.
Консультациялық пункттер мектепке дейінгі ұйымда жұмыс істейтін педагогтермен, психологтармен және басқа мамандармен үнемі сөйлесуге мүмкіндігі жоқ ата-аналарға психологиялық-педагогикалық көмек беруге, сондай-ақ балалардың үйлесімді дамуын қолдауға арналған.
Ата-аналар (заңды өкілдер) мен отбасы жағдайында тәрбиеленетін балалар үшін ұйымдастырылған консультациялық пункттердің жұмысы мектепке дейінгі ұйымдар, әдістемелік орталықтар базасында жүзеге асырылады.
Нұсқаулықтардың мақсаты мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған балалардың ата-аналарына көмек көрсету..
Бұл нұсқаулықтар базасында консультациялық пункттер ұйымдастырылған мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата- аналарына арналған.
КОНСУЛЬТАЦИЯЛЫҚ ПУНКТТЕРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША НҰСҚАУЛЫҚ
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын (2023 жылғы 28 наурыздағы №249 ҚРК) іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес отбасы мен тәрбиеленушіні психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейінгі ұйымдар жанынан ата-аналардың (заңды өкілдердің) қажеттіліктері ескеріліп, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған және қамтылмаған балалардың ата - аналарына арналған консультациялық пункттер (бұдан әрі- КП) құрылады.
КП басшының бұйрығы негізінде мектепке дейінгі ұйымның базасында құрылады және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын іске асыратын мектепке дейінгі ұйымның құрылымдық бірлігі болып табылады.
Ең алдымен КП жұмысының басталуы туралы мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарын (заңды өкілдерін) бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, Telegram) жариялау, мектепке дейінгі ұйымның сайтында орналастыру арқылы хабардар ету қажет.
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балаларды үйде тәрбиелеп отырған, сондай-ақ балалары мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын отбасыларға консультациялық және әдістемелік көмек көрсету.
Міндеттері:
- ата-аналарға немесе заңды өкілдерге консультациялық қолдау көрсету және балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту мәселелерінде олардың педагогикалық құзыреттіліктерін арттыру;
- белгілі бір себептермен мектепке дейінгі ұйымға бара алмайтын балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету;
- мектепке дейінгі ұйымға бармайтын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне КП - тің қызметі аясында балаға көрсетілетін білікті көмек түрлері туралы қажетті ақпарат беру арқылы көмек көрсету.
КП жұмысының негізгі бағыттары:
- диагностикалық көмек көрсету - баланы психологиялық- педагогикалық тұрғыдан зерттеу, бала тұлғасының жеке ерекшеліктері мен бейімділігін, оның әлеуетті мүмкіндіктерін айқындау, сонымен қатар дамуындағы, әлеуметтік бейімделуіндегі бұзушылықтардың себептері мен механизмдерін анықтау, баланы одан әрі дамыту мен тәрбиелеу бойынша ұсынымдар әзірлеу;
- консультациялық көмек көрсету - психологиялық, әлеуметтік, педагогикалық консультация беру, ата-аналарды немесе заңды өкілдерді бала дамуының физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері, тәрбиенің негізгі бағыттарының ықпалы, күйзеліс жағдайларын еңсеру туралы хабардар ету;
- әдістемелік көмек көрсету - ата-аналарды немесе заңды өкілдерді ағарту, отбасында туындайтын мәселелердің алдын алуға бағытталған педагогикалық әдістер мен тәсілдер туралы ата-аналарды хабардар ету, ата- аналардың педагогикалық мәдениетін қалыптастыру, отбасында жағымды қарым-қатынастар орнату, ата-аналарға отбасы жағдайында тәрбиелеу процесін ұйымдастыруды үйретуге бағытталған баланың жеке даму ерекшеліктері негізінде түзету және дамыту технологияларымен таныстыру.
КП қызметінің негізгі нысандары ата - аналардың немесе заңды өкілдердің сұранысы бойынша онлайн және офлайн форматтарда қажетті жеке және топтық консультациялар беру болып табылады.
Жеке және топтық консультацияларды жүзеге асыру үшін бағдарламалық-әдістемелік кешен мен дидактикалық материалдың жеткілікті санымен қамтамасыз ету қажет: арнайы әдебиеттер, дидактикалық және дамытушы ойындар мен ойыншықтар, балалар мен ата-аналарға арналған диагностикалық материалдар жиынтығы, педагогтар мен мамандардың дамытушы бағдарламалары, ата-аналармен жұмыстың әртүрлі нысандарын іске асыру тәжірибесінен материалдар.
Сондай-ақ, балалармен және ата-аналармен спорт залында, спорт алаңында, құрғақ бассейндерде, балалардың дамуы үшін қауіпсіз және жайлы жағдайлар жасалған сенсорлық, ойын бөлмелерінде консультациялар немесе сабақтар өткізу ұсынылады.
Мектепке дейінгі ұйымның аумағы абаттандырылуы, құмсалғыштар орналасқан ойын алаңдарымен, күркелермен, спорт алаңдарымен жабдықталуы қажет, ата-аналар мен балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес дамытушы ортаның барлық ресурстарын пайдалануға мүмкіндігі болуы керек.
КП-ті материалдық-техникалық қамтамасыз етуді «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
КП-тің жұмысын мектепке дейінгі ұйымның әдіскері реттейді.
КП қызметіне қатысушылар мектеп жасына дейінгі балалар, ерте жастағы балалар, олардың ата-аналары (заңды өкілдері) және мектепке дейінгі ұйымның мамандары болып табылады.
Балалардың ата аналарына немесе заңды өкілдеріне консультациялық көмек мамандардың қызметін кіріктіру негізінде көрсетіледі:
меңгеруші; әдіскер; тәрбиеші;
музыка жетекшісі;
дене шынықтыру нұсқаушысы; педагог-психолог;
логопед; медбике;
казақ тілі педагогі.
КП туралы білген мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары (заңды өкілдері) МДҰ-ның әкімшілігімен алдын ала хабарласады. Олар баласы туралы ақпарат береді, өздерін қызықтыратын сұрақтар қояды.
Маман кездесу уақытын белгілейді және ата-аналарды (заңды өкілдерді) алдын ала жазылу журналына тіркейді (1-қосымша). Белгілген уақытта ата-аналар (заңды өкілдер) баласымен бірге келеді және олардың келуі КП мамандарының жұмысын есепке алу журналында тіркеледі (2- қосымша).
Маман баламен сөйлеседі, оған ойындар ойнауды, тапсырмалар орындауды ұсынады. Осылайша, ол мектеп жасына дейінгі баланы диагностикалық тексеруден өткізеді.
Бірлескен сабақтан кейін педагог балаға қызығушылығы бойынша әрекетпен айналысуды ұсынады (конструкторларды жинау, сурет салу, мүсіндеу және т.б.), ал өзі осы уақытта ата-аналармен (заңды өкілдермен) әңгімелеседі, баланың даму деңгейі туралы айтады, ұсынымдар береді.
Консультацияны КП-тің жұмыс жоспарына сәйкес бір уақытта бір немесе бірнеше маман жүргізе алады (3-қосымша). Мамандардың жұмыс кестесін мектепке дейінгі ұйымның жұмыс тәртібін ескере отырып, балабақша әдіскері анықтайды (4-қосымша). Сондай-ақ, КП-тің жұмыс кестесі мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) сұраныстарына байланысты икемді болуы мүмкін
КП - те штат бірліктері қарастырылмаған, мамандар негізгі жұмыс шеңберінде жеке және топтық консультациялар жүргізеді.
КП педагогтері ата-аналармен (заңды өкілдерімен) серіктестік қарым- қатынас орнатады, мектеп жасына дейінгі балаларға жеке нәтижеге бағдарланған педагогикалық және психологиялық көмек көрсетеді.
Мамандар ата-аналар қауымдастығының педагогикалық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ, бала болмаған кезде ата-аналарға жеке консультация және бірдей мәселелері бар отбасыларға топтық консультация береді, телефон арқылы ата-аналардың сұрақтарына жауап береді.
Ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтар: балалардың балабақшаға бейімделуі, баланың сөйлеуін дамыту, көркем шығармашылықты дамыту, балаларға қандай ойыншықтар қажет және қандай ойындар ойнау керек , отбасындағы тәрбие мәселелері.
Консультациялық қызмет мынадай мәселелерді қамтиды:
-балалардың жас, психофизиологиялық ерекшеліктері;
-ерте жастағы балаларды тәрбиелеу және дамыту ерекшеліктері;
-ерте жастағы балалардың физикалық, психикалық және әлеуметтік дамуындағы әртүрлі ауытқулардың алдын алу;
-ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дамыту және дамуындағы бұзылыстарды түзету;
-балаларды әлеуметтендіру;
- балалардың балабақшаға бейімделуі;
-дамытушы бағдарламаны таңдау;
-ойын әрекетін ұйымдастыру;
-балалардың тамақтануын ұйымдастыру;
-балаларды шынықтыру және сауықтыру үшін жағдайлар жасау;
-балаға, оның жеке ерекшеліктеріне сәйкес білікті көмек көрсете
алатын білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру туралы хабардар ету.
Берілген тақырыпты ескере отырып, әдіскер қажетті ақпаратты толық меңгерген маманды консультация беруге тартады.
Бұдан әрі ата-аналардың (заңды өкілдердің) КП - ке келуі алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі.
КП жұмысының нәтижесі ата-аналардың (заңды өкілдердің) пікірлерімен және берілген есеп бойынша айқындалады (5-қосымша).
Сонымен қатар, КП мамандары ата-аналарға (заңды өкілдерге) виртуалды консультация бере алады. Бұл онлайн форматтағы консультациялар, шеберлік сыныптары, семинарлар және т.б.. Педагогтер мен мамандар жазып алатын барлық материалдар мен бейнероликтер ата- аналарға немесе заңды өкілдерге қол жетімді болуы тиіс. Егер ата-аналар (заңды өкілдер) онлайн-консультацияға қатыса алмаса, оның жазбасын көре алады. Барлық фото және бейнематериалдарға, бейнеконсультацияларға, шеберлік сыныптарына, вебинарларға және пайдалы интернет-сайттарға сілтемелер мектепке дейінгі ұйымның сайтындағы «Консультациялық пункт» айдарында, сонымен қатар әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, Telegram) орналастырылуы керек.






